Халық арасында кең тараған әдет бойынша қаралы үйге көңіл айта барғанда, әсіресе, ол алыс жерде болса, басқа адамдардың үйіне, тіпті, көптен көрмеген туысы болса да, соқпау керек деген тыйым бар. Өйткені қаралы үйге барып, басқа үйге соқса, ол үйге де бәле-қаза келеді деп ырымдайды. Олай ету жаман әдет деп туысының үйіне арнайылап басқа уақытта сапарға шығады.
Бұл әдет, негізінен, зиярат әдебінен шыққан. Яғни, көптен көрмей жүрген кісінің үйіне қаралы хабарды сылтау етіп, соға салу әдепсіздікке жатады. Кейіннен бұл әдепті дұрыс түсінбеушілік тыйымға айналған. Ал ол тыйым жаман ырым деп есептелген.
Расында да, қаралы үйге барып, қуанышты үйге соғу ыңғайсыз. Дегенмен, шариғатта бұл жайтқа қатысты нақтылы тыйым жоқ. Қазалы үйге барған соң қуанышты үйге соқсам, ол үйге де қаза келеді деп ырым ету әрі соған сену – мұсылманның сенім қағидасына қарама-қайшы, теріс түсінік. Шын мәнінде, адамдардың тағдыры бір Жаратушының ғана иелігінде.