«QAMQOR-SHARAPAТ» салттық қызмет көрсету орталығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (бұдан әрі – ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2020 жылы ҚМДБ жанынан құрылған, марқұмды соңғы сапарына аттандыру рәсімдерінде қоғамда орын алып жатқан ысырапшылдық пен бәсекелестіктің алдын алу, бұл істе жалпыға ортақ, оңтайлы мәдениет қалыптастыру үшін қолға алынған жоба.
Бұл жобамен қатар көпшіліктің сұранысы негізінде ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің 2020 жылғы шешімімен «Зират және зиярат мәдениеті» және «Ас беру мәдениеті» құжаттары шығарылды.
Орталық аталған құжаттарды негізге ала отырып, пилоттық жоба ретінде Астана қаласында екі жылдай жұмыс жасады. Орталық қызметі халық пен жергілікті зират әкімшілігі тарапынан қолдау тапқан соң, 2022 жылы еліміздің барлық облыс орталығынан Орталықтың филиалдары ашылды.
Қазіргі таңда филиалдар марқұм болған жақының жаназасы мен жерлеу рәсімін шариғат талабына сай атқарып беруді сұраған мұсылмандардың өтініші негізінде марқұмды жуындыру, кебіндеу, жаназасын шығару, жерлеу, қабір басына құлпытас орнату, марқұмның құрметіне арналған құдайы астарда Құран бағыштап дұға жасау сынды салттық қызметтерді көрсетіп келеді.
Сондай-ақ шариғатқа сай бірыңғай зират көтеру ісі де қолға алынған. Бұл үшін өңірлердегі жергілікті зират әкімшіліктері зираттар ішінен Орталыққа арнайы жер секторларын бөлуде.
24/7 режимінде діни қызмет көрсетіледі, зират тұрғызуда бірыңғай тәртіп сақталады
Жерлеу рәсімін ұйымдастыруға байланысты барлық сұрақтар бойынша кәсіби кеңес беру.
Мәйітті арнайы автокөлікпен және әуе көлігімен қауіпсіз тасымалдау.
Жаназа рәсіміне дейін мәйітті тиісті жағдайларда уақытша сақтау.
Мәйітті ислам талаптарына сай жуындыру және кебіндеу рәсімдерін орындау.
Жаназа намазын ислам дәстүрлері мен шариғат талаптарына толық сай ұйымдастырып, рәсімнің дұрыс және тәртіппен өтуін қамтамасыз етеміз.
Жерлеу жұмыстарын жүргізу және зиратты орнату бойынша толық қызмет көрсету.
Зират аумағын тазалау және абаттандыру қызметтері.
Зираттарды цифрлық жүйеге енгізу және деректер базасын қалыптастыру.
Елімізде мұсылман қауымының зиратын тұрғызу мен оларды зиярат етуде ысыраптан сақтандырып, шариғат пен салт-дәстүріміз аясында халыққа ортақ бір ізді мәдениетін қалыптастырып, келешек ұрпаққа аманат ету.